
Фин-пирамида бойынша сотталған блогер Мейіржан Төребаев үйіне жіберілді.
Дана Есеева күйеуі мен балаларының үйдегі суретін жариялады. Оның айтуынша, Мейіржан Төребаев заңға сәйкес қысқа мерзімді демалысқа шығарылған.
«Мейіржанның заңда белгіленген қысқа мерзімді демалысы бар (113-бап, мекемеден тыс жүру). Балалардың бақыттан басы айналып отыр. Кішілері соңғы кездесуден кейін ғана тілдері шыққан, әкелеріне сұрақты жаудыртып жатыр. Үлкендері әкелерінің жанында үнсіз ғана отыр. Жақын арада оның Павлодарға қайта кететінін түсініп, барынша құшақтап қалып жатыр. Онда Мейіржан күндіз «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жұмыс істеп, кешке мекемеге қайтады. Ең бастысы, ананың жүрегі тынышталды. Ұзақ болмаса да, жалғыз ұлы қасында»,
деп жазды Дана Есеева.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі мәліметінше, Алматы аудандық сотының үкімі бойынша, бес жылға сотталған Мейіржан Төребаев жазасын №44 мекемеде өтеп жатыр, ол «Еңбек-Павлодар» филиалында «Еңбек» ШЖҚ РМК-да жұмысшы болып орналастырылған.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 113 бабы негізінде 2024 жылы 17 мамырда Төребаев Мейіржан Мылтықбайұлына мекемеден тыс жерлерге шығуға, атап айтқанда, 2024 жылы 17 мамырдан бастап 2024 жылы 27 мамырға дейін Алматыда жол уақытын қоса есептегенде, 11 күнтізбелік күнге анасының ауруына байланысты қысқа мерзімді демалыс берілді»,
делінген хабарламада.
Фото: Instagram