Жаңа жылға аз ғана уақыт қалды.
Мейрам алдындағы қарбалас басталып кетті. Бірі туған-туысына сыйлық әзірлесе, енді бірі жаңажылдық кешке киетін сәнді киім іздеп әлек. Ал, жаңажылдық кештер қызықты өтуі үшін кейбір ұжымдар эстрадалық жұлдыздарды алдын-ала шақырады. Биыл эстрада жұлдыздарының гонорары қанша?
Эстрада жұлдызын жаңажылдық кешке барлығы шақыра бермейді, өйткені бұл арзан емес. Десек те, осындай кеште танымал әншінің әніне билеу үшін қанша қаражат керектігі қызықты.
Топтамамызды эстраданың корифейі Роза Рымбаевадан бастасақ. Еліміздің алтын дауысы бір кеште ән айтқаны бүгінде 10 мың АҚШ доллары немесе 4,6 млн теңге шамасында тұрады. Ал егер басқа қалаға шақыратын болсаңыз, онда екі адамның жолын, тамағын, қонақ үйін де төлейсіз.
Мирас Жүгінісов. Дарынды әншінің әндері соңғы кездері үздіктердің қатарынан түспей келеді. Шынайы сезімге толы тректерін жанды дауыста тыңдағың келсе, және өз кешіңе шақырамын десең 4,7 млн теңгеңді дайындап қой.
Сүйікті әншілерің Қайрат Нұртас 10 мың АҚШ долларына ән айтып бере алады. Әртістің жолы мен тұрақтайтын қонақ үйін шақырған адам көтереді.
Қазақстандық танымал рэпер Jah Khalib-тың «На своей волне», «ZNNKN», «Sunshine Lady», «Созвездие ангела», «Мелодия», «Лейла», «Медина», «Джадуа» әндері барлықтарыңа таныс. Жұлдызды өз кештеріңе шақырамын десеңдер, 60 мың АҚШ долларын немесе 27,4 млн теңге төлеу қажет.
Әнші Төреғали Төреәлі жаңа жылдық корпоративте 4,5 млн теңгеге өнер көрсетеді. Ұшақ билеті, қонақ үйде тұруы мен тамақтануы бөлек төленуі керек. Бұл ақшаға сахнаға екі рет шығып, 8 ән орындайды.
Айқын Төлепберген 2 млн теңгеге өнер көрсетуге дайын. Сондай-ақ, райдері бар және екі адамның жол, қонақ үй және басқа шығынын шақырған адам төлеуі тиіс.
«Ирина Кайратовна» тобын фестивальдер мен ауқымды іс-шаралардан жиі көреміз. Топтың әндері өте танымал. Ал, әншілерді өз кешіңде көргің келсе, 50 мың АҚШ долларын дайындап қой. Бұл міндетті тұрмыстық және техникалық райдерді есептемегенде.
Жас, көптеген хиттердің орындаушысы Akha 3 млн теңгеге өнер көрсетеді. «Дура», «Январь», «Закрываю глаза», «Какая ты красивая» атты тректерін ұнатсаң, жаңа жылдық кешке шақырсаң болады.
Жас рэпер Yenlik-ті "Dop", "Shukir", «Esep» хиттерінің авторы ретінде танисыңдар. Рэпер бір кеште ән айту үшін 3 млн теңге сұрайды, бұдан басқа райдері бар.
Фото: Instagram
Ақпарат көзі: KAZ Inform