Ресейде қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі концерттерін тоқтатуды талап етті. Бұған дейін әлеуметтік желілерде орындаушы Украина халқына деген жанашырлығы туралы ашық айтқан болатын.
«Әділетті Ресей» партиясының депутаты Яна Лантратова Ресей билігінен қазақстандық рэп орындаушы Jah Khalib-тің соғысқа қарсы ұстанымдарына байланысты Мәскеуде өтетін концертіне тыйым салуды талап етті. Бұл туралы ол Telegram-арнасына жазды.
Сонымен қатар, Лантратова рэпердің 2022 жылдың ақпанында айтқан сөзіне сілтеме жасаған. Ол кезде Jah Khalib Киевте екенін хабарлаған.
«Біз Киевтеміз. Аман-саумыз, уайымдамаңыздар. Украиндықтар, мен сендерді жақсы көріп қана қоймай, таңданамын»,
деп жазды қазақстандық орындаушы Stories-те.

Ресейлік рэпер және журналист Аким Апачев те ВКонтакте парақшасында Jah Khalib-тің концерттерін тоқтатуға шақырды.
«Биыл Мәскеуде Украинаны қолдайтын қазақстандық рэпер – Jah Khalib екі концерті жоспарланған. Бұл не масқара?! Ау! Мүмкін бірден Кремльде Зеленскийдің концертін ұйымдастырасыз?»,
деп жазды ол.
Дегенмен, Риа Новостидің мәліметінше, концерттер әлі тоқтатылмады. Алаңдардың бірінің өкілдері агенттікке қазіргі уақытта концертті өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Билеттер әлі де сатылымда.
Jah Khalib-тің 23 сәуірде Мәскеудегі Crocus City Hall-да және 25 сәуірде Санкт-Петербург қаласында концерттері жоспарланып отыр.
Фото: Instagram