ҚР Мәдениет министрі елді шулатқан қазақ үйдегі би жайлы пікір білдірді

A
aigerakain
19 июня 2024

Unsplash: Espen Bierud

ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің пікірінше, киіз үйде билеген резонанстық бейнеролик сияқты контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін.

Аида Балаеваның айтуынша, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген.

«БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.

Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді»,

деп жазды Аида Балаева Facebook парақшасында.

Ведомство басшысы атап өткендей, бейнероликтің мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен дәстүрлеріне қайшы келеді.

«Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді. Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау — ортақ парызымыз», — деп жазды ол. 

Ол сондай-ақ, медиа-процессте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырды. 

«Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз», — деп қорындылады Аида Балаева.


Фото: Unsplash

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше