
Pexels: Julia Volk
Наурыз халықаралық мереке екені баршамызға мәлім. Ол Қазақстаннан бөлек, Орталық Азиядағы Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түркіменстанда, Әзірбайжанда, Тәжікстанда және басқа да елдерде ресми түрде атап өтіледі.
Наурызға қатысты түрлі сенімдер, дәстүрлер өте көп. Біз көбі біле бермейтін қызықты деректерді ұсынамыз.
Жыл басы
Наурыз – Жаңа жылдың басы. Бұл кезде, яғни наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні – аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Сондықтан халық ортасында ол – Әз Наурыз деп аталады. Және бұл кезеңді жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Осы күннен бастап Жаңа жыл басталады. Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тие бастайды.
Көне мереке
Наурыз мерекесіне, кейбір деректер бойынша, 5 мың жылдай болған. Яғни, қазіргі дәстүрлі діндерден бұрын пайда болған.
Наурыз – діни мереке емес. Кейбір елдерде аталмыш мейрамға тыйым салынған. Мысалы, Сирия мен Иракта тойланбайды. Түркияда 1991 жылға дейін Наурызға тыйым салынып келді.
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні
Шығыс елдерінде соғыстар, қарулы қақтығыстар бұл күні тоқтайтын болған. Сонымен қатар, адамдар бұрынғы өкпе-реніштерін ұмытып, бір-бірімен татуласады. Бар жақсысын киініп, бір-біріне қонаққа барады. Наурыз мейрамында ұлттық ойындар, жарыстар ұйымдастыралады. Мысалы: бәйге, жамбы ату, палуандар күресі. Сондай-ақ алтыбақан құрылып, әндер шырқалады. Ақындар айтысы өтеді. Қазақстанда Наурыз мерекесі жыл сайын кең ауқымда атап өтіліп келеді.
Наурыздың Халықаралық мәртебесі
2010 жылы 19 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында «Әлем мәдениеті» атты күн тәртібінің 49 тармағы аясында «Халықаралық Наурыз күні» деп аталатын қарар қабылданды.
Наурыз сөзінің мағынасы
Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Наурыз, (парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн). Орталық Азия халықтары арасында Жаңа жылдың басы болып саналады.
Киелі сан
Бұл күні басты тағамы – наурыз көже. Оны кем дегенде жеті түрлі дәмнен: су, сүрленген ет, тұз, май, дән, айран, құрт және басқа тағамдардан жасайды. Тұзды қосқаны тұз астың дәмін келтіреді. Сүт немесе ақ құйғаны – «Сүттей ұйып отырайық, көңіліміз ақ, таза болсын» деген ұғым. Құрт қосатын себебі – құрт аурушаң адамдарға қуат беретін күшті ас. Ет қосқаны – ет қазақтың төл асы. Ал, дәнді дақылдардың емдік қасиеттері бар. Бұл күні барлық адам наурыз көжені тойып ішулері керек. Сонда жыл бойы тоқ жүреді, дені сау болады, отбасында береке-бірлік орнайды деген түісінік бар. Орта Азияның кейір елдерінде мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстанда бұл күндері «Сүмәләк» деп аталатын тағам жасалады.
Қыдыр ата
Мерекенің рухани бейнесі. 22 наурызға қараған түні бүкіл халық Қыдыр ата келеді деп күтеді. Бұл түнді «Қыдыр түні» деп атайды. Қыдыр ата – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осыдан шықса керек.
Батыс қазақтары Наурызды 14 наурыздан бастап тойлайды. Көне заманда мереке 13 күн бойы тойланған екен.
Ақ бата
Бұл күні ақсақалдар ақ батасын аямайды. Қазақ халқында батаның небір түрлері бар. Кең таралған баталардың бірі мынадай:
«Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Әумин!».
Фото: Pexels
Дереккөз: «ҚазАқпарат» ақпараттық егенттігі