Айсәуле Бақытбек-Қайдарованың Нағимамен сұхбаты YouTube-та жарияланды. Онда блогер өз өмірі жайлы сөз етіп, басынан кешірген жағымсыз оқиғамен бөлісті.
Блогер жұбайы екеуі үй сатып алып, жоспарлары бойынша көшіп алу керек болған. Алайда, жөндеу жұмыстарымен айналысатын компания уәде етілген міндеттерін орындамаған.
«Біз үйдің кілтін қолдарына тапсырдық, үлкен объектілер жасаған тәжірибелі бригада жалдадық деп ойладық. Алайда, бізге көрсеткен жұмыстары жалған болып шықты. Сосын келіп, үйді толықтай сындырып, бұзып тастады. Ойда жоқта үйге келсек, ешкім жоқ, құрылысқа қажет заттардың барлығын таратып тастаған. Содан соң олармен соттаса бастадық, іс бір жылға созылды», —
деп бөлісті Нағима.
Нағима аталмыш құрылыс компаниясынан зардап шеккен 16 отбасын тапқан. Алайда, алаяқтарға тиісті жаза берілмеді деп күйініп отыр.
««Алаяқтық деп қамауға ала алмаймыз, өйткені олар аз да болса жұмыс жасаған, бұл енді азаматтық іс» дейді. Олар алдамады, кіріп жұмыс жасады деп түсіндірді. Біз жалпы алғанда 15 млн жараттық, соның тек 5 миллионын қайтарсын деген шешім айтты», —
деді ол.
Блогердің айтуынша, алаяқтар саяхаттап, қымбат көліктермен жүреді екен. 16 отбасын жинап, арыз жазғандары нәтижесіз болған.
«Біз зардап шеккендердің барлығын жинадық — арасында зейнеткерлер де бар, сондай ауыр, жаныңа бататын оқиғалар көп. Біз жаспыз, жұмыс істейміз, бірақ адамдар үшін жанымыз ашиды. Өйткені бұл сала өте күрделі: жақсы құрылысшы, сенімді мердігер табу қаншалықты қиын екенін бәрі біледі»,—
деп бөлісті Нағима.
Фото: Instagram
Дереккөз: «Aissaule Bakytbek-Kaidarova» YouTube арнасы