
Pexels: Helena Lopes
Ақмола облысында қаңғыбас иттердің мәселесі қалай шешілетіні туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов айтып берді. Басылымның мәліметінше, бұл мәселе өңірде өзекті болып отыр, себебі иттер мектеп маңайында топталып жүріп, балалар мен ересектерді қорқытуда.
«Мәселе екі жақты. Иә, бұл проблема бар, оны шешу керек. Бірақ, жануарларды қорғайтындар да бар. Жақында Қосшы қаласында иттердің өлекселері табылды. Бұл мәселе менің жеке бақылауыма алынды. Жануарларға қатыгездік жасау фактісі 316-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Барлық жағдай анықталып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады»,
деді Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әкімнің айтуынша, қаңғыбас иттердің мәселесін кешенді түрде шешу қажет. Осы мақсатта Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қойылған.
«Астаналық агломерация туралы заңның құқықтық мүмкіндіктерін қолдану туралы шешім қабылданды. Біз үлкен жер телімін бөліп отырмыз, ал Астана қаласы иттерге арналған мемлекеттік паналау орнын салатын болады»,
деп атап өтті Ахметжанов.
Фото: Pexels