
Crystal Palace International Film Festival кинофестивалінде «Бір аспан тарихы» фильмі «Fab Eclectic Mix /керемет эклектикалық микс» номинациясына ұсынылды.
Лондонда Crystal Palace International Film Festival кинофестивалі аясында «Бір аспан тарихы» көрсетілімі өтті. West Norwood Picturehouse залында өнер сүйер қауым жиналды, олардың арасында Димаштың жанкүйерлері де болды. Ұлыбританиядан, Ирландиядан және басқа елдерден Dears фильм көрсетілімі үшін арнайы келген.
Көрермендер алғаш рет 2022 жылдың 24 қыркүйегінде Алматыда әртістің жанкүйерлерімен фан-кездесуінде туындысының бейнебаянын көрді. Димаш Құдайберген Алина Верипя режиссерлік еткен 13 минуттық музыкалық фильмінің композиторы, сценарий авторы және басты рөлді сомдаушы.
«Фильмнің негізгі идеясы – ол балаларымыздың өмірін, сүйіспеншілігін, достығын және жерін сақтау үшін бірігуге, бір-бірімізді ұлттық, әлеуметтік, діни принцип бойынша бөлуді тоқтатуға шақырады», - деп бөлісті фильм режиссері Алина Верипя.
Crystal Palace International Film Festival бүкіл әлем бойынша 10 000-нан астам кинофестивальдердің ішіндегі ең үздік 10-ға кіреді. 2009 жылы құрылған кинофестиваль картиналарды мұқият таңдап, тәуелсіз фильмдердің ең жақсысын ғана көрсетеді. Фестивальге қатысу фильмге белгілі бір сапа белгісін және үлкен аудитория көретіндей мүмкіндік береді.