
Отбасындағы ұрып-соғу Қазақстанда жиі тіркеле бастады. Бұған бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері дәлел бола алады.
Статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 5 айында елімізде қоғамдық тәртіп пен адамгершілікке қарсы 323 105 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға көп.
Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар саны 3 есеге — 16 172-ден 43 812 фактіге дейін өсті. Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда ұрып-соғу (үш есе) және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру (екі есе) айтарлықтай өсті.
«Мұндай құқық бұзушылықтардың әсерлі өсуіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі өзгерістер ықпал етті, оған сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бастап отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамның жазбаша өтініші талап етілмейді»,
деп түсіндірді комитет.
Естеріңе сала кетейік, 2024 жылдың 15 маусымынан бастап Қазақстанда ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру жауапкершілігі заң жүзінде күшейтіледі. Олар қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауысады.
Фото: Pexels