Үкімет қаулысының тиісті жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер (НҚА)»порталында жарияланды.
Құжат «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» деп аталады.
Үкімет қаулысының жобасында:
— «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы № 1749 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының уақыты мен жиілігінің мемлекеттік бастапқы эталонымен жаңғыртылатын, сақталатын және берілетін уақытты есептеу халықаралық уақыт белдеулері жүйесі бойынша жүргізіледі деп белгіленсін»;
3 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі қолданылсын»;
«3-1. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан бастап 2024 жылғы 01 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа шегерсін»;
4 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі халықты осы қаулы күшіне енген сәттен бастап Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы хабардар етсін».
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Құжатқа ҚР премьер-министрі А.Смайылов қол қойды.
Ақпарат көзі: Caspian Life