Instagram: @romeestrijd
Жаздың басты мастхэв киімі – көйлек. Ауа райы жылынып, күн шуағы түсе бастағанда, әртүрлі үлгідегі ондаған көйлекті сатып алғың келетіні рас. Алайда, сәнді әрі жинақы көріну үшін бар болғаны үш түрлі көйлек жеткілікті.
1. Бохо стиліндегі көйлек

Instagram: @millane
2025 жылғы жаздың басты трендтерінің бірі – богемалық эстетика. Бұл бағытпен танысуды көйлектен бастаған оңай: алдыңғы жылдары мұндай романтикалық үлгілер сән сахнасында жиі кездескен, сондықтан олар таңсық емес. Екі нұсқасы өзекті:
- Біріншісі – жеңі мен етегінде гүл немесе өсімдіктер формасындағы торлы ойықтары бар мақта көйлектер. Ең маңыздысы – кең, еркін етекті болуы.
- Екіншісі – шифон сынды жеңіл маталардан тігілген ұзын, желбіреген макси көйлектер. Мұндай үлгілердің кең, тік немесе А-силуэтті болғаны дұрыс. Рюш пен волан сияқты сәндік элементтермен безендірілген түрлері аса сәнді көрінеді.
2. Трикотаждан тігілген макси көйлек

Instagram: @chloelecareux
Бұл жазда трикотаж күтпеген жерден басты трендтердің біріне айналды. Әңгіме – жеңіл, жұқа иірілген маталардан тігілген көйлектер туралы, олар әртүрлі ауа райына ыңғайлы. Сәнге айналған түрлері – тік етекті немесе годе үлгісіндегі көйлектер.
Трендтегі нұсқалар бұрынғылардан жеңінің ұзындығымен (қысқа не ұзын) және сәндік воландарымен ерекшеленеді. Олар декольте, етек немесе жеңінде орналасуы мүмкін. Бұрынғыдай сұр, қара секілді ахроматикалық түстерге емес, жұмсақ реңктерге назар аударған жөн: бозғылт сары, ашық қызғылт, аспан көк және нәзік жасыл – жазға таптырмас реңктер.
3. Драпировкасы бар көйлек

Instagram: @chrisellelim
Драпировка тренді сән сахнасында екінші жыл қатарынан берік орнығып келеді. Сондықтан мұндай сәндік элементі бар кез келген көйлек автоматты түрде сәннің шыңына шығады.
Танымал нұсқалардың бірі – декольте аймағында қатпарлары бар, иығы ашық көйлектер. Алайда ең өзектісі – қатпар мен драпировка молынан қолданылған үлгілер. Мысалы, мата толығымен жиырылып тігілген, бел мен етек тұсында ірі бүрілімдері бар көйлектер.
Негізгі ереже — көйлек бір түсті болуы керек. Себебі драпировка мен өрнек қатар қолданылған жағдайда дене пішінінің үйлесіміне кері әсер етуі мүмкін.
Фото: Instagram
Дереккөз: GRAZIA