
Pexels: Pavel Danilyuk
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева cәбилерді қараусыз қалдыру мәселесін көтерді.
Балалар омбудсменінің бұл бастамасына себеп болған жағдай — балалардың өмірін қиған өрт оқиғалары. Динара Закиеваның мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері елде 15 өрт тіркеліп, соның салдарынан балалар көз жұмған. Қайғылы жағдайлардың көбі балалардың үйде жалғыз қалуынан болған.
«Бұл оқиғаларды талдай отырып, 12 жасқа дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға тыйым салатын заңнамалық шараларды енгізу қажет деп есептеймін. Әрине, сонымен қатар қолдауға мұқтаж отбасылар мемлекет ұсынатын көмек бағдарламаларымен қамтамасыз етілуі тиіс»,
деп жазды балалар омбудсмені өз инста парақшасында.
Айта кетейік, 11 қазанда Қостанай облысының Жітіқара қаласында қараусыз қалған бес бала өрт кезінде және үйдің шатыры құлауынан қаза тапты. Тек 2011 жылы туған үлкен бала аман қалған. Бас прокурор аталған оқиға бойынша қылмыстық істі тергеуді жеке бақылауға алды.
Фото: Pexels