
Telehram: bibisarachess
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева мадридтік «Реал» мен Англия құрамасының қорғаушысы Трент Александр-Арнольдпен қалай кездескенін айтып берді.
Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде Трент Александр-Арнольдпен түскен фотосын жариялаған болатын.
Олардың кездесуі АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында өткен «Фишер шахматы» бойынша Үлкен дулыға турнирі аясында орын алған. Асаубаева бұл жарысқа қатысқан жалғыз әйел шахматшы болды – қалғаны ерлер арасындағы гроссмейстерлер еді.
Шахматшының айтуынша, әйгілі футболшымен кездесу оның спортшылар туралы кейбір ой-пікірін өзгерткен.
«Турнир кезінде кешкі ас ішіп отырған сәтімізде бір меценат бізбен әңгімелесіп, Трент Александр-Арнольдты көргенін және онымен суретке түскенін айтты. Мен өзім футбол жанкүйері емеспін, тек Роналду мен Месси сияқты ең танымал ойыншыларды ғана танимын. Бірақ, достарымның көпшілігі футболды жақсы көреді, сондықтан қызығушылық таныттым»,
деді Бибісара.
Ол шахматшылар арасында футболды сүйіп көретіндер көп екенін де атап өтті.
«Кейін мен бөлмеме бара жатқанда оны кездейсоқ көріп қалдым да, суретке түсуді сұрадым. Ол өте сыпайы әрі жағымды адам болып шықты. Өзім де таң қалдым. Бұған дейін танымал футболшылармен тілдескен емеспін, сондықтан оларды сәл тәкаппар, қолжетімсіз деп ойлайтынмын. Бірақ, Трент бұл ойымды түбегейлі өзгертті. Ол өте кішіпейіл, сыпайы, жақсы әсер қалдырды»
деп толықтырды шахматшы.
Турнирге, сондай-ақ, испан құрамасының және каталониялық «Барселонаның» бұрынғы аңыз қорғаушысы Жерар Пике де келген.
Бибісараның айтуынша, Пике оның жарыстағы жалғыз әйел екенін білгенде қатты таңғалған. Алайда, олар тілдесе алмады.
«Онымен сөйлесуге мүмкіндік болды, ол турнирдің қызған шағы еді, мен бар назарымды шахматқа аударуды жөн көрдім. Бірақ ол менің шахмат тақтасына отырғанымда көріп, біртүрлі таңданыспен қарады. Ұйымдастырушылар менің жалғыз қыз екенімді айтқанда, Пике маған қарап қалды. Бірақ, өкінішке қарай, суретке түсуге мүмкіндік болмады»,
деп бөлісті Асаубаева.
Фото: Instagram
Дереккөз: Tengri Sport