
Pexels: Polina Tankilevitch
Өміріңді не нәрсе ұзарта алады деп ойладың ба? Көпшілік бұл сұраққа спорт, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту деп жауап берері анық. Алайда, ғалымдар ұзақ өмір сүрудің басты себептерінің бірі физикалық белсенділікке де, диетаға да қатысы жоқ екенін анықтады – бұл білім деңгейі.
Зерттеушілер соңғы 20 жылдағы деректерді саралай келе, таңғаларлық заңдылықты анықтады: адамның білімі неғұрлым жоғары болса, өмірі соғұрлым ұзақ болады.
Сандар не дейді?
Ғалымдар білім деңгейі мен өмір сүру ұзақтығы арасындағы тікелей байланысты дәлелдеді. 2000 жылы әртүрлі білім деңгейіндегі адамдар арасындағы айырмашылық 8 жыл болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 10,7 жылға дейін артқан.
АҚШ тұрғындарына негізделген бұл зерттеу нәтижелері The Lancet Public Health журналында жарияланды.
- Жоғары білімі бар адамдар орта есеппен 84,2 жыл өмір сүреді.
- Колледжде оқып, диплом алмағандар — 0,3-2 жылға аз өмір сүреді.
- Тек мектеп бітіргендер — 4,1–4,9 жылға кем өмір сүреді.
- Мектеп бітірмегендер — жоғары білімділерге қарағанда 10,7 жылға аз өмір сүреді.
20 жылда не өзгерді?
- Жоғары білімі бар жандардың өмірі 2,5 жылға ұзарды.
- Колледжде оқыған, бірақ диплом алмағандар – 0,7 жылға.
- Мектеп түлектері – 0,3 жылға.
- Мектеп бітірмегендерде өзгеріс жоқ.
Бұл статистикадан білім деңгейі жоғары адамдар ғана ұзақ өмір сүруде оң өзгеріске ие болғанын, ал білім алмағандар арасында жағдай сол күйінде қалғанын байқаймыз.
Өңірге байланысты айырмашылық
Білім деңгейіне байланысты өмір сүру ұзақтығы әр өңірде әртүрлі. Мысалы, Колорадо орталығында барлық топтағы адамдар ең ұзақ өмір сүреді. Ал Оңтүстік-Шығыс штаттары мен Аппалачи аудандарында білім алмағандар ерте өмірден өтеді.
Қызығы, Калифорнияда, тіпті, жоғары білімі жоқ адамдардың өзі өзге өңірлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді. Бұл жағдайды ғалымдар көші-қон ерекшелігімен және барлығына бірдей қолжетімді медициналық қызметпен байланыстырады.
Білім неге өмір сүру ұзақтығына әсер етеді?

Pexels: Pixabay
Ғалымдар білімнің өмірге тікелей әсер ететін бірнеше басты себептерін атап өтті:
- Қаржылық тұрақтылық пен табыс деңгейінің жоғары болуы.
Жоғары білім алған адамдар жақсы жұмысқа орналасып, сапалы тамақ, медициналық көмек және қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ете алады. - Медициналық қызметке қолжетімділік.
Көп жағдайда жоғары білімді адамдарда сақтандыру болады, олар денсаулықтарын тексертіп тұрады және салауатты өмір салтын ұстануға бейім. - Зиянды әдеттердің аз болуы.
Білімі бар адамдардың арасында темекі тарту, ішімдікке салыну аз кездеседі. Олар спортпен айналысып, тамақтануына көңіл бөледі. - Қауіпсіз еңбек пен өмір сүру жағдайы.
Білімі жоқтар ауыр физикалық жұмыстарға бейім болады, ал бұл жарақат пен кәсіби ауруға әкелуі мүмкін. Ал, оқыған жандар көбіне қауіпсіз әрі тұрақты ортада жұмыс істейді. - Психологиялық және әлеуметтік факторлар.
Жоғары білімді адамдарда тұрақты жұмыс, сенімді әлеуметтік байланыс, өз өмірін басқару мүмкіндігі көбірек. Бұл — стрессті азайтып, жалпы әл-ауқатқа оң әсер етеді.
Зерттеудің нақты тұжырымы: білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, ұзақ әрі салауатты өмір сүру мүмкіндігі соғұрлым артады.
Фото: Pexels
Дереккөз: TengriNews