
Pexels: Donald Tong
Енді қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заңға қатысты Президенттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды»,
делінген Ақорда хабарламасында.
Қол қойылған заңға сәйкес төмендегі кодекстерге өзгеріс енгізілген:
- Қылмыстық кодекс;
- Қылмыстық-процестік кодекс;
- Қылмыстық-атқару кодексі;
- «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі;
- «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заң;
- «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» және бірқатар заңдарға түзету енгізілген.
Соның ішінде, қыз алып қашқаны үшін арнайы бап та бар. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа бап енгізілді.
Некеге тұруға мәжбүрлегені үшін қарастырылған жаза түрлері:
- 2000 АЕК (2025 жылы – 7 864 000 теңге) немесе түзеу жұмыстары, я болмаса, 2 жылға бас бостандығын шектеу я сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
- бұл әрекет күш қолдану арқылы кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған жағдайда 5000 АЕК (2025 жылы - 19 660 000 теңге), 3 жылдан 7 жылға дейін жылға бас бостандығын шектеу я сол мерзімге бас бостандығынан айыру;
- бұл әрекет жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Ал «қалыңдықты» жібермей отырған туыстардың әрекеті «адамдар тобымен жасалған қылмыс» болып қарастырылады. Ол үшін 3 жылдан 7 жылға дейін жылға бас бостандығын шектеу я сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сталкинг үшін қалай жазалайды
Президент Тоқаев қол қойған жаңа заңға сәйкес, енді сталкингке — яғни адамның соңынан қалмау, қудалау, әлеуметтік желіде немесе күнделікті өмірде аңду, телефон нөмірін сұрап мазасын алу секілді әрекеттерге де жаза қарастырылған. Бұл шешім мұндай әрекеттердің соңы ауыр қылмыстарға әкеп соғатынын ескере отырып қабылданды.
Жазаның түрлері:
- 200 АЕК (786 400 теңге - 2025 жылы) көлемінде айыппұл;
- түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 90 тәулікке дейін қамауға алу.
Ал, сталкинг кезінде адамға қасақана аса ауыр дене жарақаттары келтірілсе, Қылмыстық кодекстің басқа баптары қолданылады.
Фото: Pexels