
Instagram: @bakhyt_khajibayev
Чунцин қаласында (ҚХР) өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің халықаралық кинофестивалі салтанатты түрде жабылып, жеңімпаздар марапатталды.
Биылғы фестивальге ШЫҰ елдерінен келген кинематографтар қатысып, «Алтын камелия» атты негізгі байқау бағдарламасына әр ел екі фильмнен ұсынды.
«Үздік актер» номинациясында жеңіс қазақ актері Бақыт Хаджибаевқа бұйырды. Бұл марапат оған «Набат операциясы» фильміндегі басты рөлі үшін берілді.
Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген актер бұл жетістік – бүкіл шығармашылық ұжымның еңбегінің нәтижесі екенін атап өтіп, шынайы оқиғаларға негізделген маңызды жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.
«Набат операциясы» фильмі 1992 жылы Қазақстанда болған шынайы оқиғаға негізделген. Автобустағы 30 адамды кепілге алған лаңкестерге қарсы құқық қорғау органдарының арнайы операциясы адам шығынынсыз аяқталады.
Қазақстан атынан байқау бағдарламасына қатысқан екінші туынды – режиссер Дархан Төлегеновтың «Ағайындылар» драмасы. Бұл фильм осыған дейін Spirit of Cinema Award сыйлығы мен Oldenburg халықаралық кинофестиваліндегі жүлде қоса алғанда, 15-тен астам халықаралық марапатқа ие болған. Айта кетсек, биыл Қазақстан кинофестивальдің арнайы фокус-секциясы ретінде таныстырылып, «Ағайындылар» фильмі фестивальдің арнайы бағдарламасы аясында көрсетілді.
Байқау бағдарламасын тоғыз елден келген танымал кинематографтардан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Фестиваль аясында кинонарық ұйымдастырылды. Қазақстанның ұлттық стендінде Ұлттық киноны қолдау орталығы мен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының негізгі киножобалары ұсынылды. Онда 25-тен астам көркем, деректі және анимациялық фильмнің трейлерлері көрсетілді.
ШЫҰ елдерінің Чунцинде өткен халықаралық кинофестивалі мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ұлттық киноөндірісті халықаралық деңгейде ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды.
Фото: Instagram