Ыстық күндерге арналған сәнді және жеңіл көйлектер

от adminPMG
Опубликовано: 25 июня 2025, 10:03

Instagram: @sofiagrainge

Күннің күрт ысуы, еріп жатқан асфальт, ал термометр көрсеткіші шектен тыс көтерілгенде, киім үйлестіріп, образ жасауға күш те, ниет те қалмайды. Мұндайда нағыз құтқарушы — жеңіл жаздық көйлектер.

Бастысы — таңдаған көйлегің сәнді ғана емес, сондай-ақ жеңіл болсын. Өкінішке қарай, кейбір сән үлгілері ауа өткізбейтін мата мен қысып тұратын пішімінің кесірінен ыстықты одан әрі ушықтырып жібереді. Біз дәл осындай күндерге арналған ең ыңғайлы көйлектердің түрлері мен маталарын ұсынамыз.

Instagram: @kendalljenner

Егер жеңіл әрі ретро-шик стилі ұнаса, 60-жылдардағыдай A-силуэтті көйлектерді таңда. Олар мини де, макси де болуы мүмкін – образың қаншалықты ашық болатынына қарай. Мұндай көйлектердің басты ерекшелігі – етекке қарай кеңейетін белдемше, бұл киімге жеңілдік пен ауадай жұмсақтық әсерін береді. Ал егер сәл салтанатты киім үлгісі қажет болса, қосымша көлемі бар түрлерін таңдауға болады.

Instagram: @acquired.style

Тағы бір ұтымды таңдау — бохо стиліндегі көйлектер. Бұл үлгілер әсіресе 2025 жылғы жазда сәнде. Рюштармен, воландармен, шілтермен безендірілген бохо үлгілер нағыз трендке айналды. Еркін пішіні мен «ұшып тұрған» маталарының арқасында мұндай көйлектер денеге жабыспай, ауа өткізіп тұрады. Ең жақсысы, мұндай көйлектердің тек бір ұзындықта болуы міндетті емес — көңіл-күй мен ыңғайға қарай макси, миди немесе мини нұсқасын таңдауға болады.

Instagram: @brookehyland

Сәнді бөлшектерді де ұмытпа — жіңішке иықбаулар, иықты ашық қалдыратын бандо-көйлектер, арқа тұсы ашық үлгілер жазға тамаша жарасады. Мұндай акценттер сәнді көрініп қана қоймай, денеңе «тыныс алуға» мүмкіндік береді.

Instagram: @bblyn

Алайда, көйлектің пішіні қаншалықты мінсіз болса да, егер матасы ауа өткізбейтін болса, ол ыстықта құтқармайды. Сондықтан көйлек таңдағанда бірінші кезекте оның матасына назар аудар. Жаздың сөзсіз фавориті — зығыр мата. Бұл мата терінің тыныс алуына мүмкіндік беріп, жуылған соң тез кебеді. Бірақ, оның тез қыртыс болатын кемшілігі бар. Сондықтан зығырдың құрамында 30–50% синтетикасы (мысалы, вискоза не полиэстер) бар нұсқаларды таңдаған жөн. Мұндай комбинация көйлекті киюге ыңғайлы әрі күтім жағынан да жеңіл етеді.

Instagram: @laurenwolfe

Жазғы көйлек дегенде түстермен тәжірибе жасаудан қорықпау керек — базалық реңктерден бастап ең ашық түстерге дейін. Трендтегі «кәмпит түстері» — лаванда, жалбыз, шабдалы және таңқурай-қаймақ реңктеріндегі көйлектерді батыл таңда. Сонымен қатар, ақшыл, құм түсті классикалық нұсқалар да сәннен қалған емес. Ал егер образыңа ерекше серпін бергің келсе, ашық қызыл мен лимон түстілерді таңдауға болады. Принттен тұратын үлгілерден де бас тартпа — анималистік өрнектер, элегантты бұршақ және гүлді мотивтер әлі де сәнде. Бірақ, есте сақта: егер көйлек жарқын принтпен тігілсе, әшекейлер қарапайым болғаны дұрыс.


Фото: Instagram

Дереккөз: Grazia

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше