Шахматшы Бибісара Асаубаева ресми түрде жаңа атаққа ие болды

от adminPMG
Опубликовано: 23 июля 2025, 10:07
Бибісара Асаубаева

Instagram: @bibisarachess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева халықаралық гроссмейстер атағын алған әлемдегі 43-ші әйел атанды.

Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) 2025 жылғы екінші кеңесі маусым айында өткен болатын. Сол жиында жаңа гроссмейстерлердің есімдері бекітілген еді.

«Жиынның басты сәттерінің бірі — он жаңа гроссмейстердің атағы бекітілді. Олардың қатарында — қазақстандық 21 жастағы Бибісара Асаубаева бар. Ол Қазақстаннан шыққан екінші, әрі әлем тарихындағы 43-ші әйел шахматшы ретінде халықаралық гроссмейстер атағына ие болды»,

делінген FIDE мәлімдемесінде.

Айта кетейік, сол жиында Қазақстанның тағы бір өкілі — 14 жастағы Эдгар Мамедов те халықаралық гроссмейстер атағына қол жеткізді.

Гроссмейстер атағы нені білдіреді?

Шахмат әлемінде ең жоғары кәсіби таным — бұл гроссмейстер (GM) атағы. Ол өмір бойына бір рет беріледі. Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) бұл дәрежені жыл ішінде бірнеше рет өткізілетін конгресстер мен Президенттік кеңес отырыстарында бекітеді. Бұл ретте ойыншының барлық нәтижелері мен ресми көрсеткіштері ескеріледі.

Гроссмейстер атағына ие болу үшін:

  • ойыншы үш түрлі турнирде қажетті деңгей көрсетіп, арнайы шарттарды орындауы тиіс;
  • FIDE рейтингі 2500 баллдан кем болмауы қажет.

Сондай-ақ, кейбір ерекше жағдайларда бұл атақ автоматты түрде берілуі мүмкін. Мәселен, жастар арасындағы (20 жасқа дейін) немесе ардагерлер арасындағы (50 немесе 65 жастан бастап) әлем чемпиондарына, құрлықтық чемпионат жеңімпаздарына немесе Әлем кубогының 1/8 финалына шыққан шахматшыларға.

Еске сала кетейік, Қазақстан тарихында халықаралық гроссмейстер атағын алғаш алған әйел шахматшы — Жансая Әбдумәлік. Ол бұл жетістікке 2021 жылы қол жеткізген болатын.


Фото: Instagram

Дереккөз: TengriSport

Cookie Image Использование файлов cookie

Мы используем куки для улучшения работы сайта. Узнать больше