
Pexels: Mikhail Nilov
Қазіргі кезде зумерлер «алло» демейді. Бұл — жаңа цифрлық әдептің белгісі. Z ұрпағының (шамамен 1990-жылдардың соңынан 2010-жылдардың басына дейін туғандар) өкілдері телефонмен сөйлесуді бұрынғыдай бастау әдетінен жаппай бас тартып жатыр.
Ол сөздің баламасы қандай? Үнсіздік. Бұл жалқаулық немесе әдепсіздік емес, саналы түрде таңдалған шешім. Оның себебі — қауіпсіздік, цифрлық этикет және өзгерген қарым-қатынас дағдыларымен байланысты.
Зумерлер телефонмен сөйлескенде неге үнсіз қалады?
Business Insider басылымының жазуынша, бірінші әрі басты себеп — өз қауіпсіздігіне деген қамқорлық. Телефон арқылы алаяқтық көбейген заманда қалыптасқан «алло» сөзі саған зиянын тигізуі мүмкін.
Киберқауіпсіздік сарапшыларының айтуынша, қазіргі алаяқтар тек дауысыңды жазып қана қоймай, сенің сөйлеу үлгілеріңді жасанды интеллект жүйелерін үйретуге пайдаланады. Бұл технологиялар қазірдің өзінде қолданыла бастады. NordVPN техникалық директоры Марийюс Бриедистің айтуынша, мұндай әдістер нақты алаяқтық схемаларда қолданыла бастады. Сондықтан бейтарап немесе эмоциясыз жауап беру, тіпті мүлде үнсіз қалу — жаңа қалыпты әдепке айналып келеді.
Сонымен қатар, спам қоңыраулардың көпшілігі екінші жағынан адамның дауысын естігенде ғана қосылады. Егер «алло» демесең, робот әңгіме бастамай, байланыс үзілуі мүмкін. Сол себепті үнсіздік практикалық жағынан да тиімді болып саналады.
Жаңа әдеп: кім қоңырау шалды — сол бірінші сөйлесін
Зумерлердің бұл әрекетінің тағы бір себебі — телефон әдебіне қатысты көзқарастың өзгеруі. Олар: «Кім қоңырау шалды — сол бірінші сөйлеуі керек» деген ұстанымды ұстанады.
Бұл көзқарас қала телефондары мен автожауап дәуірінде өскендер үшін тосын көрінуі мүмкін. Бірақ, мессенджерлер мен бейнеқоңыраулар дәуірінде өскен ұрпақ үшін келісілмеген телефон қоңырауы — әдепсіздік танытқандай әсер қалдырады. Сондықтан көпшілік мұндай қоңырауды абайлап қабылдайды немесе күдікпен қарайды.
Зумерлердің өздері де мойындайды: қоңырауға жауап бергенде бірінші сөйлеу міндеті қоңырау шалушыға тиесілі. Көпшілігі арнайы ештеңе айтпай, тек қоңырауды көтеріп үнсіз қалады. Кейбірі робот қоңырауларды шатастыру үшін «алло» орнына өзінің есімін айтады. Қалай болғанда да «алло» сөзі бұрынғыдай танымал емес.
Жаңа әдептен қорқу керек пе?
Үлкен буын өкілдері зумерлердің мұндай әдетін әдепсіздік деп бағалауы мүмкін. Алайда, тереңірек қарасақ, бұл — сыпайылықтан бас тарту емес, жаңа заманда оны басқаша түсіну.
«Алло» — мәңгілік сөз емес. Бұл сөз 1870 жылдары Томас Эдисонның бастамасымен енгізілген. Содан бері мәдени әдет-ғұрып бірнеше рет өзгерді. Қала телефондарымен және магнитофон жазбаларымен бірге «алло» сөзі де тарихқа кетуі мүмкін.
Егер қоңырау шалғанда үнсіздік сәл ыңғайсыздық туғызса, әңгімені бірінші өзің бастап көр: кім екеніңді және не үшін хабарласқаныңды айт. Бұл әңгімелесушіге сенің тірі адам екеніңді және алаяқ немесе робот еместігіңді түсінуге көмектеседі.
Фото: Pexels
Дереккөз: Tengrinews