
Pexels: Наталья Маркина
Жақсы жыныстық қатынас қаласаң, бірақ жұбыңды ауыстырғың келмесе — психолог кеңесіне құлақ түр.
Тақырып – нәзік, бірақ шешуге болатын мәселе. Сексолог Татьяна Мулявко жыныстық қатынас көңілден шықпаса, бірақ жұбың өзіңе ұнаса, бұл туралы қалай дұрыс әңгімелеуге болатынын түсіндіреді.
Көпшілік «жыныстық қатынас – табиғи процесс, оған арнайы үйренудің қажеті жоқ» деп ойлайды. Бұл пікір жануарларға қатысты шындыққа жанасуы мүмкін, өйткені оларда негізгі мақсат – ұрпақ қалдыру. Ал адамдар үшін – бұл тек инстинкт қана емес, сонымен бірге бір-бірін тану мен жақындасудың маңызды тәсілі.
Алдымен өзіңмен ашық сөйлес
Екінші жартыңмен жыныстық жақындық ұнамайтынын түсіндің. Бірақ бұл неге байланысты? Бұл сұраққа өзің нақты жауап бермейінше, жұбыңа түсіндіру де қиын.
- Оргазм алмайсың ба?
- Қатынастың жиілігі көңілден шықпай ма?
- Түрлілік жетіспей ме?
- Бірсарынды қалып шаршатты ма?
Келесі қадам – өзіңе ұнайтын нәрселерді анықтау. Адамдар бір-бірінің ой-тілегін оқи алмайды – бұл тек ертегілерде ғана болады. Эмоционалды байланыс қанша мықты болса да, үнсіздік ештеңені шешпейді. Өз тәніңді зерттеп, саған не ұнайтынын анықта – кейін жұбыңа айту оңайырақ болады.
Көмектесетін сұрақтар:
- Оргазмға жету үшін жұбың саған қалай жанасуы керек?
- Қандай қалыптар ұнайды, қайсысы жайсыз?
- Қандай тәжірибелерді байқап көргің келеді, ал қандай әрекеттер мүлде қолайсыз?
Әңгіме кезінде «Мен» формасын қолдан
Жыныстық тақырыптағы әңгіме бізде әлі де тыйым мен ұят аясында. Сондықтан ешкімді ренжітпей, комплекстерін тереңдетпей айту қиын. Мысалы, мынадай сөздерді есту оңайға соқпайды:
- «Сен мені оргазмға жеткізе алмайсың»
- «Сенің төсектегі әрекетің бір сарынды»
- «Сен минет жасауды білмейсің»
Мұндай сөздер сенімді бұзып, қарым-қатынасты әлсіретуі мүмкін. Бірақ, сол ойды мүлде басқа түрде жеткізуге болады:
- «Мен әрдайым оргазмға жете бермеймін, осыған көбірек көңіл бөлсек деймін»
- «Маған оральды жақындастық кезінде былай жасағаның ұнайды…»
- «Жаңа бір нәрсені байқап көрсек қалай болады?»
«Мен» формасын қолдану арқылы кінә артпай, өз сезіміңді жеткізесің.
«Сэндвич» әдісі де көмектеседі
Кері байланыс берудің әмбебап тәсілі – сэндвич әдісі. Алдымен серігіңнің саған ұнайтын әрекетін айт. Бұл болашақ сынды жұмсартуға көмектеседі. Сосын көңіліңнен шықпайтын тұстарын айт. Қайталаймыз: «Мен» формасында!
Соңында – ұсыныс жаса. Жұбың не ұнамайтынын түсінсе де, одан не күтетініңді білмесе, ештеңе өзгермейді.
Мысал:
«Маған жыныстық қатынас кезінде мойнымнан сүйіп, құлағыма жылы сөздер айтқаның ұнайды. Бірақ мен оргазмға сирек жетемін, маған көбірек уақыт қажет».
Қай кезде айту керек?
Мұндай әңгімелерді салқынқанды, ыңғайлы атмосферада жүргізу керек – тергеу сияқты емес.
Кейде ең жақсы сәт – жыныстық қатынас кезінде немесе одан кейінгі мезет. Сексуалды бағыт беру арқылы тілектеріңді нәзік жеткізе аласың.
Егер соңынан сөйлессең – шынайы бол. Ұнамаған әрекетті мақтау – болашақта мәселені қиындатады.
Сөйлеу қиын ба? Дене арқылы жеткіз
Жыныстық тақырыпта ашық сөйлеу көп адам үшін әлі де қиын. Бұл – қалыпты жағдай. Елімізде сексуалдық сауаттылыққа жеткілікті көңіл бөлінбейді.
Егер сөйлегенде ыңғайсыздық сезінсең, қимыл арқылы жеткізуге болады:
- Ұнамсыз жанасулардан жұбыңның қолын жұмсақ тоқтату
- Эрогенді аймақтарыңды байқатпай бағыттау
- Қай поза ұнайтынын өзің бастап көрсету
Мәселе гигиенада болса – бірге шеш
Жұбыңнан суға түсуін сұрау – нәзік тақырып. Бірі күніне екі рет жуынады, екіншісі аптасына екі рет.
Ең жақсысы – душты бірге қабылдау. Егер судан кейін де жағымсыз иіс болса – бұл медициналық себептерден болуы мүмкін. Ондай жағдайда шыншыл, бірақ жұмсақ сөйлеп, дәрігерге қаралуды ұсын.
Айттың, бірақ өзгеріс жоқ па? Онда «жоқ» деп нақты жеткіз
Ол сенің қалауыңды елемесе немесе шекараңды бұзса – бұл енді сыйластықтың жоқтығы.
Мұндай жағдайда анық әрі нық сөйлеңіз:
«Жоқ!», «Маған бұл ұнамайды», «Мұндай әрекетіңді доғар»
Егер ол сенің қалауыңа құлақ аспай, керісінше, қысым, шантаж, не опасыздықпен қорқытса – бұл сау қарым-қатынас емес.
Фото: Pexels