
Pexels: Shuvalova Natalia
Жыныстық қатынас әртүрлі болуы мүмкін: көңілді, күтпеген, қоздыратын және тыныштандыратын. Алайда, кейбір қыздар үшін ол әлі де алаңдаушылық тудырады. Өз-өзіне сенімсіздік, жүкті болудан немесе жұбына тиісті әсер қалдыра алмаудан қорқу — қызды да, оның серігін де шектеуі мүмкін.
Ендеше осы және басқа да қорқыныштар туралы әңгімелесейік те, оларды қалай жеңуге болатынын қарастырайық.
Жұбыңның мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түскісі келуі
Егер ол өзіне сенімді түрде мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түсейік десе, сен оған арнайы дәрілердің 100 % кепілдік бермейтінін және жыныстық жолмен берілетін аурулардан сақтамайтынын ескерткенің жөн. Қанша құштарлығың артып тұрса да, танысқандарыңа көп уақыт болмаса, кей аурулар белгісіз өтетінін ұмытпа (мысалы, хламидиоз). Тіпті оральды жыныстық қатынас кезінде де қорғану қажет, егер жігіттің денсаулығы туралы анық мәліметің болмаса.
Мүшеқап туралы айтқанда «менде жоқ» деп жауап берсе – өзің сатып алғаның дұрыс. Қауіпсіздік – сенің қолыңда.
Мүшеқап жыртылып, күтпеген жүктілікке алып келуі мүмкін
Мүшеқап тек қате қолданғанда ғана жыртылады. Қалай дұрыс пайдаланған дұрыс?
- Презервативті орамасынан ұқыппен шығарып, бүтіндігіне көз жеткіз;
- Оны жыныс мүшесінің басына орналастырып, спермаға орын қалдыру үшін ұшын саусағыңмен қысып, артық ауаны шығарып ал. Сосын екінші қолыңмен соңына дейін баяу айналдырып түсір;
- Жыртылып кетпес үшін аздап майлағыш (лубрикант) жақ;
- Әр мүшеқапта аздаған майлағыш болады, алайда қажет болса қосымша лубрикант қолдануға болады.
Жігітіңе сенің жалаңаш денең ұнамай қалуы мүмкін

Pexels: cottonbro studio
Денеңнің тартымсыз көрінуінен қорқу – көп таралған құбылыс, бірақ көбіне шындықпен мүлде жанаспайды. Өзіне сенімсіздік, әдетте, жыныстық қатынас кезіндегі нақты жағымсыз жағдайларға емес, ішкі уайымға негізделеді және бұл сезімдер адамға толықтай босаңсып, ләззат алуға кедергі жасайды.
Мұндай қорқыныштан арылу үшін ең алдымен өзіңді қабылдауға қадам жасау маңызды. Ол үшін жақындықтан толықтай бас тарту міндетті емес.
Міне, дәл қазірден бастап денеңе қатысты уайымды азайтуға көмектесетін бірнеше тәсіл:
- Жігітіңе жыныстық қатынасты жартылай жарықта немесе толықтай қараңғы бөлмеде өткізуге ұсыныс білдір. Бұл сенің бойыңды еркін сезінуге көмектеседі. Оның үстіне, жарық аз болғанда дене пішіні жұмсақ әрі тартымды көрінеді — бұл өз-өзіне сенімсіздікпен күресіп жүргендерге өте пайдалы.
- Алдын ала аймалауға көбірек көңіл бөл. Қатты қозу кезінде мидағы қорқынышқа жауапты аймақ белсенділігін төмендетеді, сондықтан сенің сырт келбетің жайлы уайым артта қалады.
- Өз денеңді тануға және қабылдауға саналы түрде талпынып көр: бодипозитив жайлы мақалалар оқы. Онда сексуалдылыққа, тәніңді сүю мен қабылдауға қатысты сау көзқарас қалыптастыруға көмектесетін ақпараттар бар.
Жұбың сен қаламаған әрекеттер жасауға тырысады
Киім шешкенге дейін өзіңнің жеке шекараларың жайлы ойланып, оларды жұбыңмен алдын ала талқылап алғаның жөн. Мысалы: «Мен мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түспеймін» немесе «Маған анальды қатынас ұнамайды». Эксперимент жасауға деген қызығушылық — дені сау жыныстық өмірдің маңызды бөлігі. Бірақ, бәрі екі тараптың келісімімен ғана жүзеге асуы керек: серігің саған қысым көрсетпеуі, өзіңді ыңғайсыз сезінетін әрекеттерге мәжбүрлемеуі тиіс.
Сезіміңді ашық әрі дұрыс жеткізе білу де маңызды. Шынайы әрі ашық әңгіме айту — қалыпты нәрсе. Мысалы, былай деуге болады: «Бұл мені ыңғайсыз күйге түсіреді, мен бұған қазір дайын емеспін» немесе «Бәлкім, мұның орнына басқа бір нәрсені байқап көрерміз?». Қарым-қатынаста ең бастысы — сенім мен өзара құрмет.
Екеуіңнің біреуің қанағаттанбай қалады деп қорқу
Монреальдік отбасылық психолог Вики Старктың айтуынша, жұптардың жыныстық өмірінде кездесетін ең үлкен мәселе — бұл серігін төсекте ренжітіп алу қорқынышы емес. Көпшілігі жыныстық қатынаста бірдеңе ойдағыдай болмай қалса, бұл туралы бір-бірімен ашық сөйлесуге қорқады.
Егер қарым-қатынаста өзара сыйластық пен эмоционалдық қауіпсіздік болса, жыныстық қатынасқа қатысты ашық тақырып еш қиындық тудырмауы керек. Мұндай әңгімені кез келген ыңғайлы уақытта бастауға болады. Мысалы: «Сен бұған қалай қарайсың?» немесе «Бүгін қандай қалыпты байқап көргіміз келеді?» деп сұра да, өз қалауыңды айт. Жыныстық қатынас кезінде де нақты не қалайтыныңды айтуға болады: «тезірек», «ақырын», «тереңірек», «нәзік». Уақыт өте келе мұндай әңгімелер ыңғайсыз болып көрінбейді, керісінше, жыныстық өмірден көптен күткен қанағат сезімін алуға көмектеседі.
Жұбыңа жыныстық қатынаста онша емес болып көрінем бе деп қорқу
Бұл жерде бір нәрсені түсіну маңызды: жыныстық қатынаста ешкім жаман бола алмайды. Мүмкін, сенің де, жұбыңның да тәжірибелерің аз шығар немесе жыныстық белсенділікте болмаған шығарсыңдар. Бірақ, екеуің де ашық сөйлесуге, қалауларыңды бірге талқылауға дайын болсаңдар – уайымдаудың еш қажеті жоқ.
Фото: Pexels
Дереккөз: HEROINE