
Pexels: Yan Krukau
Құштарлыққа толы жақындықтан кейін екеуің төсектің екі жағына жайғасқанда, қызарған бетіңе немесе аяқ астынан жылағың келетін күйге аса мән бермейсің. Бұл — қалыпты құбылыс. Енді жыныстық қатынастан кейін ағзаңда тағы қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін талдап көрейік.
1. Сезімтал боласың
Жыныстық қатынастан кейін өзіңді ерекше сезімтал, ашулы немесе көңілің түсіп тұрғандай күйде байқауың мүмкін. Мұны посткоитальды дисфория деп атайды. Оргазм кезінде мидағы дофамин деңгейі күрт көтеріліп, содан кейін жылдам төмендейді.
Отбасылық терапевт Кэти Зискинд бұл — қалыпты жағдай екенін айтады. Әйел адам жақындықтан кейін өзін бақытты сезінуі, қуаныштан жылауы немесе ерекше эмоцияға берілуі мүмкін. Егер бұл сенің сексуалдық өміріңе кедергі келтірмесе және өзіңді мазаламаса — еш алаңдама. Ал егер жиі мазалайтын болса, маманға барып, себебін анықтаған дұрыс.
2. Дәретханаға жиі барғың келеді

Pexels: juliane Monari
Жыныстық қатынасқа дейін дәретханаға барсаң да, одан кейін тағы барғың келуі мүмкін. Себебі түсінікті: жыныстық қатынас кезінде жамбас бұлшықеттері жиырылады, сол себепті зәр шығаруға итермелейді. Дәретханаға барғаннан кейін бәрі қалпына келеді.
3. Денеден ерекше иіс шығуы мүмкін
Жыныстық жақындық— кәдімгідей физикалық белсенділік. Сондықтан терлеу де қалыпты. Бұған қоса, сенің иісің жұбыңның иісімен араласып, жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Әсіресе, жыныстық қатынас мүшеқапсыз болған жағдайда іш киімнен ерекше иіс шығуы ықтимал. Бұған қатты мән берудің қажеті жоқ. Бірақ егер иіс балық немесе шіріген етке ұқсаса — бұл инфекцияның белгісі. Ондайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
4. Қынаптан қан кетуі мүмкін
Егер бұл сирек кездесетін жағдай болса, мүмкін сендер жақындықты тым қарқынды бастаған шығарсыңдар немесе жұптың анатомиялық ерекшеліктері сәйкес келмеген болуы мүмкін. Келесі жолы лубрикант қолдануға кеңес береміз. Ал егер қан көп кетсе немесе ұзаққа созылса, міндетті түрде гинекологқа көріну керек. Бұл — жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың немесе басқа да гинекологиялық аурулардың белгісі болуы мүмкін.
5. Қынаптан ауа шығуы
Жыныстық қатынас кезінде, әсіресе қарқынды қозғалыстар болған жағдайда қынапқа ауа жиналады. Кейін демалғанда немесе оргазм кезінде ол ауа шығып кетеді. Егер бұл тыныш қалыптағы позаларда да жиі қайталанатын болса немесе жыныстық қатынас біткен соң да жалғасса — жамбас түбі бұлшықеттерінің әлсірегенінің белгісі. Ондайда арнайы жаттығулар жасаған дұрыс.
6. Бетің қызарып, кейін ағарады
Көпшілік жыныстық қатынастан кейін екі адамның да беті дуылдап қызарады деп ойлайды. Алайда, Огайо университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының доценті Джонатан Шаффир бұлай емес дейді. Оның айтуынша, бет қызаруы — тек қозу кезінде байқалады. Оргазмнан кейін қан тамырлары босаңсып, нәтижесінде бет, мойын және кеуде аймағының терісі қайта ағарады.
Фото: Pexels
Дереккөз: HEROINE