Instagram: @lara_bsmnn
Жаз дәстүрлі түрде минидің маусымы саналады: қысқа шалбар, белдемше мен жеңіл көйлектер киеміз. Дегенмен, күн салқындаған кезде шалбарсыз болмайтыны анық. Көп жағдайда таңдауымыз жыл он екі ай киетін денимге түседі.
Алайда, одан да сәнді баламалар бар. Назарларыңа жазда киюге тұрарлық 5 сәнді шалбар үлгісін ұсынамыз.
Ашық түсті костюм шалбарлар

Instagram: @zhaditn
Костюм шалбарлар — денимге тамаша балама. Олар да әмбебап және кез келген образға оңай үйлеседі. Тек дұрыс түрін таңдау маңызды. Белі жоғары, түзу немесе палаццо үлгілеріне мән бер. Бастапқыда мұндай шалбар тым ресми көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Күз бен қыста киетін сұр немесе қара шалбар расымен де ауыр көрінеді. Сондықтан жазға ашық түсті түрлерін таңдаған жөн. Ақ, кілегей реңктері — тамаша нұсқа.
Зығыр матадан тігілген шалбарлар

Instagram: @linda.sza
Жаздың зығырсыз өтпейтіні белгілі: табиғи құрылымы сергектік пен еркіндікті сезіндіреді. Мұндай шалбарлар теңіз жағалауындағы серуендермен, кемедегі демалыспен байланысады. Бірақ, оларды кию үшін қаладан кетудің қажеті жоқ. Кеңсеге арналған қатаң пішінді немесе керісінше, белінде резеңкесі бар еркін нұсқаларын да таңдауға болады. Ең бастысы — мата қалың болып, тері түсін көрсетпеуі керек. Ал түске келгенде эксперимент жасай беруге болады. Әдетте инфлюенсерлер ақ және сұр түсті таңдағанымен, қара немесе шоколад түсті нұсқалар да сәнде.
Пижама стиліндегі шалбарлар

Instagram: @florettenacer
Егер батыл шешімдерден қорықпасаң, пижама үлгісіндегі шалбарларға көз сал. Әдетте олар жолақ принтпен мақта матадан тігіледі. Мұндай түрлері образға бірден еркіндік пен жеңілдік қосады. Тек белі жоғарыларын таңда, сонда ғана дене пропорциясын бұзбайды. Ал түс таңдаудан қорықпа. Жолақтарда қарама-қарсы реңктер үйлесе алады: мысалы, күлгін мен қызғылт, көк пен ақ, тіпті сары мен қызыл бірге сәнді көрінеді.
Атлас шалбарлар

Instagram: @svedae
Биылғы жылдың басты трендтерінің бірі — іш киім стиліндегі эстетика. 2025 жылдың жазында тек көйлек пен топтар ғана емес, атлас немесе жібектен тігілген шалбарлар да сәнге айналды. Классиканы жақсы көретіндерге — тік немесе аздап кең үлгідегі, декоры жоқ модельдер ұсынылады. Атластың табиғи жылтыры бұл шалбарды басты акцентке айналдырады. Егер ерекшеленгің келсе, төменгі жағында шілтерлі өрнегі бар үлгілерге назар аудар — қазір сәннің шыңында. Түске келгенде — ахроматикалық, яғни ақ, қара немесе сұр реңктерді таңдаған дұрыс. Дәл осы түстер қазіргі таңда ең сәнді көрінеді.
Тік пішінді спорт шалбарлары

Instagram: @lara_bsmnn
Спорттық элементтер араласқан образдар биылғы жаздың да басты трендтерінің бірі. Жаттығуға арналған спорт шалбарларын күнделікті киімге батыл араластыра беруге болады. Бірақ, джоггерлерден бас тартып, тік пішінді модельдерге мән берген дұрыс. Өйткені олар әмбебап әрі қазір сәнде. Сондай-ақ, ашық түсті түрлері сұранысқа ие: мысалы, көк, жасыл немесе қызыл шалбарлар.
Фото: Instagram
Дереккөз: Grazia