Instagram: @jlo
Астана қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Самидин әлемге әйгілі америкалық әнші Дженнифер Лопестің елордада өткен концертіне байланысты өз ойын білдіріп, сынның астында қалды.
Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында депутат Лопестің сахнадағы киімін тым ашық деп бағалады.
«Көпшілік Джей Лоның ашық киімдеріне назар аударды. Тіпті, 16 жастағы қызым да Араб Әмірліктерінде ол жергілікті мәдениетке құрмет ретінде жабық киіммен өнер көрсеткенін атап өтті. Біз Біріккен Араб Әмірліктері емеспіз, бағытымыз да басқа. Бірақ бізде де өзімізге тән менталитет бар. Сол себепті кей образдарды жергілікті көрерменге бейімдеуге болар ма еді. Әрине, JLO – өзіндік стилі мен өзін еркін жеткізу мәнері бар өнер иесі. Бірақ, бұл жерде маңыздысы басқа – жас буын мұндай нәрселерді мүлде өзгеше қабылдай бастады. Бұл – тыйым салу емес, саналы диалог бастауға себеп»,
деп жазды ол.
Алайда, бұл жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырды. Көпшілік депутаттың елдегі әлеуметтік мәселелерге емес, әншінің киіміне назар аударғанына наразылық білдірді.
«Құрметті Сәуле, сіз 2023 жылдан бері мәслихат депутатысыз. Еліміздегі анағұрлым өзекті мәселелерге көңіл бөлгеніңіз жөн болар еді. Мысалы, әйелдердің құқығы мен оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, алаяқ құрылыс компанияларымен күрес, алимент төлемейтін әкелерге қатысты заңнаманы күшейту, киберқылмыспен күрес, жол жөндеу саласындағы жемқорлықпен күрес секілді мәселелер әлдеқайда маңызды. Біз үшін JLo не кигені маңызды емес»,
деп пікір білдірді желі қолданушыларының бірі.
Басқа қазақстандық азамат Астанада шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселелерді еске салды.
«ЭКСПО маңында мемлекеттік балабақша саны өте аз. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік, бірақ нәтиже жоқ»,
делінген тағы бір пікірде.
Ал, пікір қалдырғандардың бір бөлігі Дженнифер Лопестің сахналық киімі – оның кәсіби имиджінің бір бөлігі екенін айтып, өнер иесін қорғап шықты.
«Бұл – сахналық бейне. Киімдерінің ешқайсысы әдепсіз емес. JLO – салауатты өмір салты, тәртіп пен еңбекқорлықтың үлгісі. Оның өнері көп әйелге шабыт береді», «Егер менталитетіңізге сай келмесе, мұндай концерттерге бармаңыз. Қалаған адам көріп, бағалап шықты», – деген пікірлер де айтылды.
Алайда, Сәуле ханым жазылған пікірлерге жауап беруге асықпайды.
Фото: Instagram