
Pexels: Sóc Năng Động
1997-2012 жылдары дүниеге келген ұлдар мен қыздар — балалық шағында смартфон мен әлеуметтік желілермен танысқан алғашқы ұрпақ. Смартфон мен әлеуметтік желілердің айқын артықшылықтарымен қатар, америкалық психологтар олардың өте қауіпті салдарын да атап өтеді.
Жаңа зерттеу нәтижелері бойынша, Z ұрпағының өкілдері 18 жасынан бастап басқаларға қарағанда жиі депрессияға түседі, өздерін оқшау сезінеді, өзіне қол жұмсау туралы ойлайды және өмірлік қиындықтармен күресу қиынырақ болады.
АҚШ-тағы халықаралық зерттеу ұйымы Sapien Labs сарапшылары әлемнің түрлі мәдениеттері мен тілдік топтарына жататын 18 бен 24 жас аралығындағы 100 мыңнан астам адамның психикалық денсаулығы мен цифрлық технологияларды қолдануы арасындағы байланысты зерттеді. Әсіресе, 13 жасқа дейін смартфон ұстап, әлеуметтік желіге тіркелген жастардың психикалық денсаулығының MH-Q индексі бойынша нәтижелері өте төмен (орта есеппен бір ұпай) болған. Ал гаджеттермен кейінірек танысқандардың MH-Q көрсеткіші қалыпты — 30 ұпайдан жоғары.
Ең қауіпті байланыс тым ерте цифрлық технологиялармен танысу мен өзіне қол жұмсау туралы ойлардың жиілігі арасында анықталған. Зерттеуге сәйкес, смартфонды бес-алты жасында алған қыздардың 48 пайызы осындай ойлары болғанын мойындаған. Бұл көрсеткіш ауру белгісінің ауырлығын бағалау шкаласында (1-ден 9-ға дейінгі балл) орташа есеппен жеті баллды құраған. Ұлдарда бұл көрсеткіш төменірек — 31 пайызды құраған. Ал смартфонды 13 жасында немесе одан кейін қолдана бастаған жастардың арасында өзіне қол жұмсау туралы ойлау айтарлықтай сирек кездеседі: қыздарда — 28 пайыз, ұлдарда — 20 пайыз ғана.
Зерттеу авторлары Journal of Human Development and Capabilities ғылыми журналында жарияланған мақаласында былай деп жазды: ең жоғары қауіп Еуропа мен Солтүстік Америкада байқалады, бұл аймақтарда балалар алғашқы смартфондарын орташа есеппен 11 жасында немесе одан ерте алады.
Ғалымдар смартфонның немесе жалпы цифрлық технологияның өзі емес, әлеуметтік желілердегі контенттің зиянды екенін атап өтті. Мысалы, танымал блогерлердің әдемі фотосуреттері мен видеоларын көріп өздерін салыстыру немесе басқа қолданушылар тарапынан қорлық көру — қыз балалардың өз-өзін бағалауына теріс әсер етеді және суицидтік ойларға әкеледі.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер дофаминнің — көбінесе «ләззат гормоны» деп аталатын нейромедиатордың көзіне айналады. Шындығында дофамин ләззаттың өзін бермейді, тек нәтиженің алдындағы толқу сезімін тудырады. Дегенмен әлеуметтік желіден алынған дофаминнің әсері тез азаяды, ал оны қайтадан сезіну үшін қолданушы әлеуметтік желіге қайта-қайта кіре береді. Бұл уақыт өте келе шынайы өмірден алшақтап, психикалық денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін.
Қызығы, ересек жаста цифрлық технологиямен танысу психикалық денсаулыққа айтарлықтай теріс әсер етпейді. Керісінше, АҚШ-тағы Остин Техас университетінің профессоры Джаред Бенге мен Бэйлор университетінің профессоры Майкл Скаллин 70 жастан асқан адамдар арасында когнитивті бұзылу қаупі 42 пайызға азайғанын байқаған.
Сарапшылар, сондай-ақ, смартфонмен тым ерте танысқан адамдарда шынайы өмірден ажырау, өзін-өзі төмен бағалау және эмоциялық тұрақсыздық байқалатынын атап өтті. Тағы бір қызықты дерек — отбасыдағы қарым-қатынастың нашарлауымен байланысты психикалық қиындықтардың 68 пайызы әлеуметтік желідегі алғашқы парақша ашқан жаспен тығыз байланысты болған.
Фото: Pexels
Дереккөз: Naked Science